Ислам - ізгілік діні

Ислам – этносаралық бірлік діні

Ақпарат құралдарындағы мәліметтерге сәйкес Қазақстан халқының жетпістен астам пайызы мұсылман (қазақ, қырғыз, өзбек, дұнған, башқұрт, тәжік, әзірбайжан, татар, ұйғыр, шешен және т.б.). Бұлардың барлығы өзге дін өкілдерімен (орыс, кәріс, неміс, грузин, украин, бурят және т.б.) бір шаңырақ астында татулық пен бірлікте ғұмыр кешуде. Бұл бейбіт пен бірліктің негізін қалауда мемлекеттік саясатпен бірге мұсылман халқының салты және дәстүрімен біте қайнасқан ислам дінінің орны айырықша. Себебі бейбітшілікті байрақ тұтқан ислам, мұсылман саналатын түрлі ұлттардың, этностардың барлық дерлік салттары мен дәстүрлерінде, тарихы мен мәдениетінде көрініс тапқан.

Құран аяттары мен Мұхаммед пайғамбардың хадистеріндегі адамгершілік құндылықтар (мейірім, кісі ақысы, құдайы қонақ, жақсылық жасау, садақа беру және т.б.) кеңінен насихатталып, ұрпақтан ұрпаққа тарихи мұра ретінде беріліп келген. Мұсылман халқының өзара және өзге дін өкілдерінің ұлттық, тілдік, нәсілдік ерекшеліктеріне қарамай құрметпен қарауының бірден бір сыры  жоғарыда айтылған аят пен хадистерден бастау алады десек қателеспейміз. Ислам ұлттар мен ұлыстарды бірлікке шақыратын бейбітшілік діні. Құраушы әрі негізгі халқы мұсылман саналатын полиэтносты Қазақстан осының нақты дәледі.

Ислам тарихы бастауларының бірі – Мединелік кезеңнен байқағанымыздай Медине шаһарының және оның атырапындағы тайпалар бір қоғам, бір мемлекет саналған. Әрбір ұлт, тайпа, ру сол мемлекеттің діни-саяси бірлігі мен тұрақтылығына қарсы келмейтін өз ерекшеліктерін, діндері мен сенімдерін, әдет-ғұрыптарын сақтады.

Егер пайғамбар (с.ғ.с.) бір жақтылықты қалап, мұсылман мемлекетінде тек рухани бірлігі мен жақындығы бар мұсылмандардың жасағанын қалаған болса еді, онда оның бұлай жасауға абыройы да құдіреті де жетер еді. Тіпті, біраз мұсылмандардың ағайын-туыстарының басым бөлігі пұтқа табынушы болатын. Бірақ, мұсылмандардың көсемі, бұлай жасамады. Ол туыстық қатынасты үзген жоқ, қайта оған қатты көңіл бөлді, мұсылман емес ұлттарды қуған жоқ, бір мемлекеттің астына шақырып, өз қамқорлығына алды (Әс-сирату ән-Набауйя).

Расында да Мекке шаһарынан көшіп Мединеге келген пайғамбар (с.ғ.с.) жаңа, жас мемлекеттің негізін қалады. Ол бірінші кезекте өзге де дін өкілдерімен дипломатиялық байланыс орнатты. Жаңа мемлекеттің қабырғасын қатайтып, қоғамды мығым әрі бір жұдырықтай жұмдыру үшін шаһар тұрғындарының басын бір араға қосу керек болды. Ол үшін парасаттылықпен «бір мемлекет, бір қоғам» саясатын іске асырды. Пайғамбардың (с.ғ.с.) басқа дін өкілдерімен жасаған қарым-қатынасын Құрандағы «Кафирун» сүресінің: «Сендерге өз діндерің маған өзімнің дінім» аяты анық баяндайды (Әл-Итқан фи әл-улум әл-Құран).

Бұл уақытта Араб жазирасының халықтары түрлі дінді ұстанды. Олардың арасында христиандар, яхудилер, мәжусилер (отқа табынушылар), мүшриктер (пұтқа табынушылар) және сол сияқты т.б. сенімдегілер болды. Исламның, пайғамбардың (с.ғ.с.) сол кездегі басқа дін адамдарына көрсеткен достығы парасатты адам үшін үлкен ғибрат.

Атақты британдық жазушы, драматург, Нобель премиясының лауреаты, Бернард Шоу: «Егер қандай да бір дін Англияны, жоқ, Еуропаны жақын жүз жылдай басқару мүмкіндігіне ие болғанда, ол – Ислам болар еді». «Мен әрқашан Мұхаммедтің дінін оның жоғарғы өміршеңдігі үшін жоғары бағаладым. Менің ойымша ол, болмыстың әр баспалдағына дағдыланатын әрі кез-келген жас үшін қызықты болып қала беретін жалғыз дін». «Мен оны зерттедім – ол керемет адам, менің пікірімше, ол Антихист болудан мүлдем алшақ, оны Адамзат Құтқарушысы деп атаған жөн…» (The Geniune Islam).

Бернард Шоудың бұл сөздері ислам тарихындағы «Мединелік келісім» атты оқиғаны қамтып тұрғандай. Мединелік келісімді тарихшылар кейде – «сахифа» деп те атайды. Арабша мағынасы – парақ деген сөз, яғни, келісім парақ бетіне жазылған соң солай атылып кеткен. Расында да, Мединелік келісім мұсылмандардың толеранттылығына анық мысал. Себебі, пайғамбар (с.ғ.с.) Медине шаһарына қоныстанған соң жай діни көсем ғана емес, ол енді мұсылман мемлекетінің саяси басшысына айналды. Демек, бұл мемлекеттің өзіне тиіс нақты шарттары мен заңдары қабылдануы тиіс. Ол заңдар ондаған жылдар бойы бір-бірімен соғысып, қырық пышақ болып келе жатқан түрлі тайпалар мен нәсілдердің арасын қосып, қоғамда бейбіт әрі достық қатынасты орнатуы қажет.

Дәлірек айтсақ, пайғамбардың (с.ғ.с.) міндеті – мұсылмандар, христиандар және яһудилер мен пұтқа табынушылар жасайтын қоғамда бейбіт өмірді тұрақтандыру. Осы мақсатта дүниеге «Мединелік келісім» келді. Мұнда Мединеде жасайтын әр тайпаның жауапкершілігі мен міндеттері анық көрсетілді: олардың бірінің-бірі алдындағы міндеттері мен шектеулері, ерекшеліктері мен қасиеттері және т.б. Мысалы, төмендегі хадис осындай міндеттемелердің куәсі болмақ:

«Кімде кім мұсылмандармен бейбітшілік келісімін жасасқан мұсылман емес кісілерге әлімжеттік жасаса немесе олардың меншігіне тиесілі бір нәрсені тартып алса – сол адамға мен Қиямет күнінде қарсы куәлік беремін» (Сунан Әбу Дәуіт).

Бұл хадис қоғамдағы бірлік пен татулық үшін мұсылман адамға басқа дін өкілінің ар-ожданына, мүлкіне зәрердей болса да зиян тигізуге қатаң тиым салып отыр. Зұлымдық жасаған адамға қарсы пайғамбардың өзі куәлік бермек. Пайғамбардың (с.ғ.с.) бұл сөзі – көтеріліп отырған мәселенің маңызын, өзектілігін көрсетеді. Бұл хадис мұсылмандар үшін бағыт-бағдар.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,
философия ғылымдарының кандидаты,
дінтанушы

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close