Ислам және мәдениет

Ислам шариғаты мен қазақ әдет-ғұрыпы үндес

Бүкіл мұсылман халықтарының, соның ішінде қазақ халқының да әдет-ғұрыптары мен тарихы, мәдениті мен әдебиеті ислам дінімен тығыз байланысады. Еліміздің көрнекті дінтанушы ғалымы Ғарифолла Есім: «Ислам әлемдік деңгейдегі дін. Оның қатарында ғалымдардың есептеуінше, әлем халықтарының 1,5 млрд. өкілдері бар. Ислам діні отандық ғалымдардың айтуынша, Қазақстанға осыдан он ғасыр бұрын енген. Ислам діні және онымен бірге кірген ислам мәдениеті, дүниетанымы, тіптен фәлсафасы біздің әдет-ғұрыптарымызға, ұлттық ойлау жүйемізге, бір сөзбен айтқанда, дүниетанымымызға молынан сіңген. Ұлттық философиямыздың негізгі ұғымдарына талдау жасағанымызда, біз ислам дүниетанымынан тарайтын ұғым-түсініктерге тап боламыз»[1] деп, қазақ халықының өмір салты мен әдет-ғұрыпының қайнар бұлағы ислам діні екенін айтады.

Ислам діні қазақ халқының дүниетанымы мен тыныс-тіршілігі ретінде қазақ даласында кеңінен тарады. Тарих парақшаларына көз салар болсақ, көнеден келе жатқан тәңіршілдік, иудаизм мен христиандық, бүддизм мен зороастризмдік діндердің әсерінде сіңген әдет-ғұрыптар ислам діні әкелген ұлы өркениет ағысына тоғытылып, өз ықпалдарын жоғалтты. Қазақ халқының рухани философиялық дүниетанымы, мақал-мәтелдері, эстетикалық әдет-ғұрыптарының негізі Құран және сүннет тағылымы аясында қалыптасты.

Қазақ халқының ұлттық рухани болмысы мен философиялық дүниетанымының өзегін ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптары құрайды. Әдет – қайталану, жалғасын табу мағынасын берсе, ғұрып – таным, түсінік мағынасын білдіреді. Яғни, әдет сөзі де, ғұрып сөзі де араб тілінен қазақ тіліне енген діни атаулар. Ал, терминдік анықтамасына келер болсақ, имам Жүржәни, Ғаззали сынды ғалымдар: «Ғұрып – ол, адамдардың ақыл-парасатының құптауымен көңілдерге орныққан, таза табиғат тарапынан құпталған іс»[2] деген.

Әдет-ғұрыптың анықтамасы, діни дәлелдері, түрлері, шарттары мен шариғаттағы мән-маңызы секілді тақырыптар және оның дәлелдік қуаттылығына қатысты ең алғаш ауқымды еңбек жазған Ханафи мәзһабының көрнекті ғалымы – Ибн Абидин (1783/1836). Ол өзінің «Мажмуғату әр-рәсаил Ибн Абидин» атты трактаттар жинағында «Нәшру әл-ғұрып» деген атаумен ғұрып тақырыбына ауқымды орын берген[3].

Ислам ғұламалары әдет-ғұрыпты ислам құқықтық методологиясының дәлелдік негіздерінің бірі ретінде белгілеуде әуелі Құран аяттары мен хадистерге сүйенеді. Қасиетті Құранда: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал»,– деп бұйырса, (Ағраф сүресі, 199-аят.] Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен хадисте:«Мұсылмандар жақсы деп есептеген нәрсе Алланың алдында да жақсы, мұсылмандар жаман деп көрген нәрсе Алланың құзырында да ұнамсыз»[4] деген.

Ислам дінінде құқықтық мәселелерге қатысты жалпы бес қағида бар. Бұл бес қағида бүкіл ислам ғұламалары тарапынан бір ауыздан мақұлданылған дәлелдік күшке ие. Сол бес қағиданың бірі: «Әдет-ғұрып – төреші» деген қағида. Яғни, Құран, сүннет және ижмағ (ислам ғұламаларының бір мәселеге келісуі) мәселелеріне тыс нақтылы дәлелі болмаған кейбір мәселелерде адамдар арасында қалыптасқан әдет-ғұрыпқа жүгініп, сол негізінде үкім шығарылады.

Фиқһ ғұламалары әдет-ғұрыптың шариғатта дәлел саналуы үшін бірнеше шартын белгілеген. Олардың негізгілерін атап көрсетер болсақ, Құран, сүннет және мұсылман ғұламаларының ортақ ұйғарымдарына керағар келмеуі тиіс. Мысалы: әуелі, бір елде кең етек алған өсім беру, құмар ойыны, арақ ішу сынды әдеттер ислам дінінде тыйым салынады. Бұлар ислам шариғатында «бұрыс» әдет-ғұрып саналып, шарғи дәлелдік күші бар әдет-ғұрыпқа жатпайды.

Әбу Һурайрадан жеткен өсім туралы бір хадисте: «Алтын алтынға, күміс күміске, бидай бидайға, арпа арпаға, құрма құрмаға және жұзім жұзімге тең болып, қолма-қол есеп айырысу шартымен қалай саудаласуларың өз еріктеріңде» деген.

Ханафи мәзһабы бойынша бұл хадистен екі түрлі үкім шағады.

  1. Бір халықтың арасындағы өсім беру, өсім алу әдетке айналған болса, ол насқа қайшы келгендіктен жарамсыз.
  2. Бұрынғы кезде арпа, бидәйді дағар, қалтамен өлшейтін болса, ал қазіргі күнімізде таразыға салып килограмм немесе тонналап сату әдеті қалыптасты. Адамдар арасындағы заттарды өлшеп сатудағы әдет-ғұрыптың бұл түрінің өзгеруі шариғатқа қайшы емес. Алайда, шариғат саудаға қандайда бір жолмен болсын өсім араластыруға рұхсат етпейді[5].

Халық арасында: «Дәстүрдің озығы да бар, тозығы да бар» деген мәтел де қазақ халқының дүниетанымында шариғат тыйым салған күнәлі істерді әдет-ғұрып қатарына жатқызуға қарсы екенін білдіреді.

Екіншісі, әдет-ғұрып үкім шығарылған уақытта халық арасында кең қолданылатын болуы тиіс. Тарихта болып, кейіннен жойылған әдет-ғұрып шариғатта дәлел болып саналмайды. Әрі жекелей адамдар арасындағы әдет-ғұрыпта заңдылық күші жоқ. Фиқһ ғұламалары әр заманға сай қалыптасқан әдет-ғұрып негізінде кейбір тармақ мәселелердің де үкімдері өзгеріп отыратындығын айтқан[6].

Ғұрып – ислам құқықтық методологиясының дәлелдік негіздерінің бірі болуымен қатар, Ханафи және Мәлики мәзһабы ғұрыптың дәлелдігін өзге мәзһабтарға қарағанда өте кеңінен қарастырады. Ханафи мәзһабы, Құран кәрімнің әрбір аятынан үкім шығаруда адамзат өмірімен тығыз байланыстыра отырып, құлшылық, қоғамдық сауда-саттық, отбасы және ант ішу сияқты мәселелерде де бір халықтың әдет-ғұрыптық түсінігін ескерусіз қалдырмайды.

Құлшылық: Қасиетті Құранда: «Таза топыраққа тәяммүм соғыңдар» (Мәйда сүресі, 6-аят) аятындағы «Сағид» сөзін Ханафи мәзһабының ғалымдары адамдардың әдет-ғұрыптары негізінде жер құрамына жататын топырақ, құм, әк және сүрме сияқты барлық таза нәрсені жатқызады. Сөйтіп, топырақ жынысына жататын барлық таза нәрсеге тәяммүм соғуға болатынын айтады. Ал Шәфиғи мәзһабының ғалымдары «Сағид» сөзінің тілдік мағынасы негізінде тек өсіру күшіне ие болған топыраққа ғана тәяммум соғылатынын айтады[7].

Пітір садақасының құнын беру: Ханафи бойынша, зекет, пітір, кәффарат, ұшыр (егіндіктің зекеті), хараж (салық) және нәзір еткен ісіне қатысты мал-мүліктің құнын беру дұрыс. Мәлики, Шафиғи және Ханбали мәзһабтарының көзқарасында шариғатта белгіленген қандайда бір мал-мүліктің өзі берілуі керек. Сол мал-мүліктің құнын беру дұрыс емес. Хадисте: «Қырық қойдан бір қой зекет беріледі» деген. Яғни, шариғатта белгіленген бұл малдың өзін бермей, құнын беру кедейдің ақысына қиянат жасаған болып саналады. Ал Ханафи мәзһабы бойынша, Бұхари жеткізген Мүғаздың Ямандықтарға: «Маған арпа, жүгеріден беретін зекеттеріңнің орнына өздеріңе ыңғайлы, Алла елшісінің (с.ғ.с) сахабалары үшін хайырлы киім-кешек алып келіңдер» деген хадисін дәлел қылады[8]. Яғни, Ханафи мәзһабы үкім беруде бір халықтың ұстанымы мен қажеттілігін ескере отырып, шариғат мәнісін сол негізде атқаруды жөн көрген.

Сауда-саттық: Ханафилер бойынша, сауда-саттық мәселесінде саудаласып жатқан заттың түр-түсі мен сипатын нақты білінуі тиіс. Әрі сатушы – «саттым», ал алушы – «алдым» деп айтуы шарт. Алайда, бір халықтың арасында сауда кезінде сатушы – «саттым», ал алушы – «алдым» сөздерін айтбай-ақ, заттың ақшасын беріп, затты алып кете беру әдетке айналған болса, сол сатылған зат арзан зат болсын немесе қымбат зат болсын саудалары дұрыс болады. Ислам шариғаты әдет-ғұрып негізінде түсіністікпен іске асқан сауданың бұл түріне де рұхсат береді[9].

Ислам шариғаты саудагердің қолында болмаған тауарды біреуге сатуға рұхсат етпейді. Өйткені, қолда болмаған тауардың келешекте келісім шартқа сай сатушының қолында болатындығына кепілдік жоқ. Алайда, халық арасында әдетке айналған «сәләм» яғни, бір затқа тапсырыс беру арқылы сауда істеу әдет-ғұрпы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) заманында да кеңінен тараған еді. Ибн Аббастан жеткен риуаятта: Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мәдинаға келген уақытта адамдар құрмаға бір жыл, екі жыл, тіпті, үш жыл бұрын тапсырыс беріп қоятын. Сонда ол (с.ғ.с): «Кімде-кім құрмаға алдын-ала құрмаға тапсырыс беретін болса, белгілі уақытқа дейін нақты салмақ, өлшеммен тапсырыс берсін»[10] деген. Ислам сауданың бұл түріне де рұхсат беруі шариғаттың бір жеңілдігі деп ұғу керек.

Ханафи мәзһабы бойынша, сауданың бұл түріне қазіргі күнімізде халық арасында кеңінен тараған азық-түлікке, киім-кешектерге, әртүрлі техникалық жабдықтарға тапсырыс беру үрдістері де жатады[11]. Яғни, жоғарыда айтқанымыздай қолда болмаған тауардың ертеңгі күні қолда болуына кепілдік жоқ. Сондықтан, істестік жасасқан адамдар арасында түсініспеушілік немесе бір тараптың зиян тартпауы үшін сауда-саттық келісімдері сенімділігі бар органдардың араласуымен іске асырылуы қажет.

Отбасы мәселесі: Қазақ халқының жеті ата араға салып қыз беріп, қыз алысу әдет-ғұрпын да осы түрге жатқызуға болады. Бұл әдет-ғұрып Араб, Түрік сияқты басқа мұсылман халықтарында кездеспейді. Қазақтың еншісіне тиген бұл дәстүр ислам шариғатына қайшы емес пе? – деген сұрақ негізінде былай қарастыруға болады.

Қасиетті Құранның ниса сүресінің 23-аятында бір-бірімен үйлене алмайтындар ашық білдіріледі. Алла елшісі (с.ғ.с) қызы Фатима анамызды көкесінің ұлы Әлиге бергені де белгілі. Ал қазақ әдет-ғұрпындағы үйлену мәселесінде жеті атаны шарт қылуына келер болсақ, бір хадисте Алла елшісі (с.ғ.с): «Сендер хадраә димәннан сақтаныңдар» — дейді. Сонда сахабалар: «Хадраә димән не» деп сұрайды. Ол (с.ғ.с): «Босануы жаман (баласынан ұрқындағы ауруы көрінетін) көрікті әйел»[12] деп алыс адамдармен некеленуге қызықтырады.

Ислам тарихында екінші халифа болған Омар ибн Хаттаб (р.а) жақын туысқандарына үйленуді әдетке айналдырған Бәни Сәйбтерге: «Аурушаң (кем-кетік туылуы көбейіп) болып, ұсақтап кеттіңдер. Алысқа (қызды жат руға беріп, жат рудан алыңдар) некеленіңдер»[13] деп, әмір етеді. Яғни, жақын адамдар бір-бірін кішкентайынан көріп өскендер өздерін жақыны ретінде сезінгендіктен шәһуат қалауының аз болатыны айтылады. Бұл әлсіз ұрпақтың дүниеге келуіне арқау болады екен.

Медицина ғылымының докторы Ғиззуддин Фараж: «Жақын туысқандардың арасындағы некелесу – сол отбасындағы ұрық қуалайтын ауру мен жаман қасиеттердің өмірге келген баланың бойында арта түсуіне себеп болады. Ал жат кісілер арасындағы некелесу – бұл тұқым қуалайтын ауру немесе жаман қасиеттерді азайтады деп айта аламыз»[14] деген. Демек, халқымыз жеті ата араға салып қыз беріп, қыз алысуы төмендегі екі мақсат көзделген болуы мүмкін.

  • Әуелі, ұрпақтың аурушаң болып, ұсақтап кетпеуін көзде се керек.
  • Екіншісі, араға жеті ата салып, алыстап бара жақын туысқандарды қайта қыз берісіп бауырмалдықты арттыру ісін де ескерусіз қалдырмай, ара-қатынасты құдаласу арқылы күшейту болса керек.

Демек, жақын адамдардың бір-бірімен бас құрамауы абзалдықты білдіреді. Харам мағынасын білдірмейді. Халқымыздың бұл дәстүрі шариғаттың негіздеріне қайшы емес.

Атастыру: Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Үйленіңдер, көбейіңдер, мен сендердің көптіктеріңмен қиямет күні басқа үмметтерге мақтанамын»[15] деген сөздерін жер бетінде сүннетіне лайық ғұмыр кешіп, бір Алла тағалаға құлшылық жасайтын үмметінің көптігімен мақтануы деп ұғуымыз керек.

Отбасы болудың тағы бір сыры да екі жарты қосылып, бір бүтінге айналумен қатар Хақ дінмен өмір сүретін иманды, үлгілі үммет боларлық ұрпақты көбейту болса керек. Сол себепті, үй болудың кейбір себептерін өткенімізден іздер болсақ, Алла елшісінің (с.ғ.с) алғашқы жұбайы Хадишамен (р.ғ) үйлену ісі еске келеді. Үйлену жәйін алғашқы болып қозғаған Хадиша (р.ғ) анамыз еді. Иә, жәһилия кезеңінің өзінде арлы әйел мағынасындағы “Таһира” лақабына ие болған Хадишаның ұсынысын араға жеңгетайлық жасаған досы Муниа қызы Нәфиса Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с) жеткізеді. Өзіне адал жар таңдауда батылдық көрсеткен Хадиша (р.ғ) анамыз өмірдегі орнын мүміндердің анасы қатарынан алды [16].

Ал қазақ дәстүрінде ата-ананың балаларын кішкентай кезінен атастырып қоюы, жеңгейлердің балдыздарын иманды азаматтарға кездестіруі сынды дәстүрлеріміздің де бүгінгі күнде берері мол екенін ата-ана, аға-жеңге болған қыз баланың туыстары, тіпті қыз баланың өзі де ескерген жөн. Дінімізде әрбір істің себебін істеу мұсылмандық міндет саналады. Алайда біреудің маңдайына бойдақ өту жазылған болса, оған ешкімнің шарасы жоқ. Мұндай кездерде күйеуге шықпай қалған қыздарымыз өмірінен нылып, алға қойған ұлы мақсатынан қол үзіп қалмауы тиіс.

Бала-шағаның нәпақасы: Исламда отбасындағы балалар мен нәзік жанды әйелдің күнделікті қажеттілігі отағасының мойнындағы міндет. Алайда, қасиетті Құранда: «Бала емізетін аналарды ас-ауқат және киім-кешекпен шариғатқа һәм дәстүрге сай лайықты түрде қамтамасыз ету баланың әкесінің міндеті. Ешкімге шамасынан тыс міндет жүктелмейді» (Бақара сүресі, 233-аят), «Бай жағдайына қарай, кедей де шамасына қарай шариғат және дәстүрге сай лайықты дүниесін беріп асырасын. Бұл ізгі жандардың мойнындағы борыш» (Бақара сүресі, 236-аят) деп, бала-шағаның нәпақасының мөлшері нақты айтылмағандықтан, жергілікті мұсылман халықтың әдет-ғұрпы есепке алынады. Әбу Бәкір әл-Жассас «Ахкәм әл-Құран» атты еңбегінде: «Аяттағы «әл-Мәғруф» сөзі ас-ауқат және киім-кешекпен қамтамасыз етуде отағасының хәл-жағдайы негізге алынады. Шамасы жетпеген міндетті ер адамның мойнына артып қою дұрыс емес. Алла тағала: «Алла ешбір жанға шамасынан тыс міндет жүктемейді». Егер де әйелі өзі секілді әйелдерге берілетін нәпақадан көбірек талап етсе, оның сұрағаны берілмейді. Сол секілді отағасы да өзінің әйелі сияқты әйелдерге берілетін нәпақадан аз мөлшерде беруі дұрыс емес. Жергілікті әдет-ғұрыпқа сай оған тиесілі нәпақасын беруге міндетті»[17] деген. Яғни, ислам шариғаты отбасы нәпақасын ер азаматтың мойнына жүктегенімен, мөлшерін әр халықтың әдет-ғұрпына қалдырған.

Түнде тағамның бетін ашық қалдырмау: Халқымызда түнде тағамның бетін ашық қалдырмау дәстүрі кеңінен тараған. Аналарымыз ыдыстың бетін жабатын қақпағы болмай қалған жағдайда бетіне «Бисмиллә» деп жіңішке ағаш сиқты нәрсені болса да көлденең қоятын еді.

Жәбир (р.а) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.ғ.с): «Ыдыстарыңның (су, тамақ) бетін жабыңдар, есіктеріңді (түнде) ашық қалдырмаңдар және шырақтарыңды сүндіріңдер. Ақиқатында, шайтанға сусын беру, оған есіктерді ашу және ыдыстарды ашық (алдына тамақ жәйіп қою) қалдыру халал емес. Біреулерің ыдыстың бетін жабатын нәрсе таба алмаса, «Бисмиллә» деп  ыдыстың бетіне көлденең бір нәрсені қойсын…»[18] десе, тағы бір хадисте: «Ыдыстарыңның бетін жабыңдар. Расында бір жыл ішінде оба ауыруы жүретін бір түн бар. Бұл оба ауыруы тек ашық ыдыстағы тағамдарға түседі»[19] деген.

Хадистерде түнде тағамның бетін ашық қалдырудың екі түрлі кесірі баяндалады. Әуелі: лағынеті шайтанды адал асқа араластырмау. Екіншісі: жылдың бір түнінде тарайтын оба ауыруынан сақтандыру. Демек, түнде беті ашық қалған тағамды «бисмиллә» деп жей беруге болады.

Білім беру дәстүрі: Мұсылмандық он қанша ғасырлық тарихы бар қазақ халқы Ханафи мәзһабын ұстанып келді. Халқымыздың көне дәуірден бері тамыры терең тартқан әдет-ғұрпының бірі – тілашар. Тілашар – баласын ұстазының алдына алғаш апарған ата-ананың ізгі ниетпен берген оқу ақысы. Яғни, ғылымға, оқу-жазуға ерекше көңіл бөлген халқымыз баланың сауатын ашу, бала тәрбиесін бәрінен жоғары бағалады.

Ауқатты адамдардың көбі ақы төлеп ауылында бала оқытатын қожа-молдаларды ұстаса, бір бөлігі балаларын Бұхара, Самарқанд, Қазан, Түркістан секілді қалалардың медреселеріне білім алуға жіберіп отырды. Ал халықтың көпшілігі балаларын ауыл арасындағы молдалардан оқытатын еді. Міне, солардың арасынан халқымыздың біртуар ғалымдары, классик ақын-жазушылары шықты.

Тілашар немесе діни білімге ақы төлеу мәселесі туралы Ханафи мәзһабының алғашқы ғалымдары Құран немесе діни білім үйреткен кісінің ақы алуы дұрыс еместігін айтқанымен, көпшілік қауым Құран және діни ілімді мұғалімдер арқылы ғана үйрене алады. Таңнан кешке дейін әр күнін Құран немесе діни білім берумен өткізетін мұғалімдерге жалақы төленбесе, олар басқа тіршілік қамымен болып кетері анық. Мұғалімдердің азаюы қара халықтың Құран немесе діни білімнен сауатсыз қалуына себеп болады деген пікірді ұстанған Ханафи мәзһабының Мәрғинани, Ғәйни, Сарахси және Ибн Камал сынды ғалымдары истихсан (бір істі ұнамды білу) негізінде Құран немесе діни білімге ақы алудың дұрыстығын айтады. Әрі Құран Кәрім және діни білім үйрету барысында ақы алудың дұрыстығын айтқан фақиһ ғалымдар мұғалімдерге берілетін ақының үзілмеуі, адам баласының дүние және ақырет біліміне қатысты мәліметтерден бейхабар қалмауының бірден-бір жолы. Ал мұқтаждығы болмаған, басқалай кіріс көзі болған адамның жасаған дін қызметі үшін ақы талап етуі, истихсан негізіне сәйкес болмағандықтан дұрыс емес дейді[20].

Демек, Алла жолындағы ең мағыналы іс жас ұрпақтың дін білімімен рухани тәрбиені қатар алу жолындағы сіңірілген еңбек болмақ. Абай Құнанбайұлы: «Ғылымсыз ақырет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбірі ғибадат орнына бармайды»[21] деп ғылым ақырет пен дүниенің шам шырағы екенін шырқау шыңына жеткізіп айтқаны да баршаға аян.

Ант ішу мәселесі: Қазақта бір маңызды істерде сөзін дәлелдеу үшін «Құран ұстаймын» деп ант ету әдет-ғұрпы кездеседі. Бұл уәде деп аталыды. «Уәде — құдай сөзі» (мәтел). Құдай атынан берілетін уәде жәй айтыла салатын құрғақ сөз емес, ол адалдық пен адамдықтың айғағы болған сөз.

Халқымыздың бұл әдет-ғұрыпы тұнып тұрған шариғат. Енді сол шариғат жәйлі сөз етер болсақ, әуелі Алла тағаланың есім, сипаттарынан басқамен ант етудің дұрыс еместігін білуіміз керек. Әл-Ғиная еңбегінде: «Кім Алла тағаладан басқа Пайғамбар, Құран, Кағба сияқты сөздермен ант етсе, ант еткен болмайды»[22] десе, «Фәтхул қадир» еңбегінің авторы Ибну Һумам: «Алланың кәләм сипаты болған Құранмен ант ету адамдар арасында әдет-ғұрып негізінде қалыптасты. Қазіргі күніміз де Құранмен ант ету әдет-ғұрыпқа айналды. Сондықтан, Құран кітабімен ант ету, ант болып есептеледі. Егер антын бұзса, кәффарат уәжіп болады деген[23].

Кәффарат жәйлі Құранда: «Оның төлемі: Үй-іштеріңе жегізетін орта есеппен он міскінді тамақтандыру, не оларды киіндіру немесе бір құл азат ету. Мұны таппаған біреу, үш күн ораза ұстау. (Бұзған) анттарыңның жазасы осы» (Мәйда сүресі, 89-аят) деген. Әбу Ханифа ант сөзі қайталану себепті кәффарат жазасы да арта түсетіндігін айтады[24].

Қайтыс болған кісіге Құран бағыштау: Қазақ әдет-ғұрпында өлім шыққан үйге көңіл айтушылар келгенде, Қайтыс болған кісіні жерлеу қарсаңында, қабір басында Құран оқылып, сауабы мәйітке бағышталады. Тіпті, жол бойындағы мазарат тұсынан өткен әрбір қазақ баласы атынан түсіп немесе асығыс болса атын аяңдатып, Құран оқып, дұға етіп, бетін сипап өтеді. Әрі марқұм болған ата – бабаларының аруағына, исі мұсылман қауымның аруағына дұға етіп өтуді әдәмгершілік парыз деп ұққан.

Халқымыздың бұл әдет-ғұрпын шариғаттан іздер болсақ, исламда мұсылман бауырының қайғысына ортақтасу сауабы мол іс. Алла елшісі (с.ғ.с): «Кімде-кім мұсылман бауырының қайғысына ортақтасып, көңіл айтса Алла ол кісіні қиямет күні керемет жібек киімдермен киіндіреді»[25] деген.

Ал Құран туралы Ханафи мәзһабының ғалымдары имам Мұхаммад ибн Хасан әш-Шайбанидің: «Қабір басында Құран оқу дұрыс» деген көзқарасын негізге алып, қайтыс болған кісіге жеңілдік болар деген үмітпен қабір басында фатиха, аятул курси және ықылас, т.б сүрелерді оқуды әдетке айналдырған[26].

Бұл мәселе жәйлі әл-Қади Әбу Тайб: «Құранды оқыған Оны оқығаны үшін, ал мәйт Құранды тыңдаушылар қатарында сауап алады. Мәйтке Алла тағаланың рахметі мен берекесі үміт етіледі. Міне, осы тұрғыдан қабір басында Құран оқу мүстахаб. Және де оқылған Құраннан кейінгі дұға қабыл болуға ең лайықты, дұғаның мәйтке пайдасы тиетініде рас»[27] десе, Ибн Қудама: «Бағыштылып жасалған барлық жақсылықтың сауабы өліге тиеді. Өйткені ол жәйлі хадистер бар. Барлық қалаларда мұсылмандар жиналып, Құран оқып, сауабын өлілерге бағыштауда әрі бұған ешкім қарсы шықпауда. Міне, бұл дұрыстығына ижмағ (ғалымдардың бірауыздан келісуі) болмақ»[28] деген.

Әһлу сүннеттің құқықтық методологиясының негізін қалаған төрт үлкен мәзһабтың көзқарасы бойынша, барлық жақсылық амалдардың, бағышталып оқылған Құранның сауабы өлілерге тиеді. Мағқал ибн Ясар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Өлілеріңе «Йасин» сүресін оқыңдар» дегенін жеткізеді[29]. Демек, Құран – көп оқылатын және үкімдеріне амал етілетін кітап болғандықтан, әркім Құранды тіршілігінде көп оқып, үкіміне лайық өмір сүруі тиіс.

Кек алу немесе құн төлету: Қазақ даласында кеңінен тараған бейуаз жанды өлтірген қанды қолды өлтіру немесе құн төлету мәселесін кейбір зерттеушілердің бұл, «кек алу» институтына тосырқай қарап, қарсы болып та келді. Әрине, бұл күштеу аппараты жоқ көшпелі қоғамда әлсіздерге әлімжеттілік көрсететін, жуан жұдырық қанды қолдардың адам өлтіріп, қылмыс істеулеріне тосқауыл болғаны анық. Себебі, ол қылмыс істеп, кісі өлтірсе, өлімнің айналып өз басына келерін немесе бүкіл туысқандары болып құн төлейтінін сезгенде мұндай қылмысқа бармауға тырысады. Сөйтіп, ешкім жөн-жосықсыз, нахақтан-нахақ кісі өлтірмейді. Бұл – қылмыстың алдын алу, оны болдырмаудың жолы. Алла тағала: «Уа, ақыл иелері! Сендер үшін қысаста өмір бар. Ендеше, тақуалық аясында өмір сүріп, жеке тұлғалар һәм қоғам болып Алланы қорған тұта аласыңдар» (Бақара сүресі, 179-аят) деген.

Мұхаммед Әли әс-Сабуни: «Әбу Бәкір ибн әл-Арабидің «Әхкамул Құран» тәпсірінен мына оқиғаны келтіреді: «Бізге Һижри 487-жылы әл-Ақса мешітінен Әбу Ханифаның көрнекті жолдастарының бірі әз-Заузани атымен танымал ғалым Пайғамбарымызды (с.ғ.с) зиярат ете келді. Біз де Алла елшісінің (с.ғ.с) зиратының басына келіп, онымен бірге болдық, осы елдің ғалымдары да болды. Ол кісіге: «Әдет-ғұрып бойынша, мұсылман кәпірді өлтіруі қалай шешіледі?» – деп сұрақ қойылды. Ол: «Кек алынады» – деді. Одан: «Дәлелің не?» – делініп еді, Ол: «Уа, иман еткендер! Нақақтан-нақақ кісі өлтіру мәселесінде сендерге қысас-кек парыз етілді» (Бақара сүресі, 178-аят) аяты кез-келген қанды қолға дәлел болады» — деді»[30] деген.

Ислам шариғатында өлім түгіл, өкпеге қимайтын бауырмалдыққа қарамастан әділ үкім атқарылуы – жеке тұлғаның қылмысына кешіріммен қарасақ, қара ормандай халықтың қауіпсіздігіне кесірі тиеді. Бұл Алла тағаланың жер бетінде атқарылуы тиісті заңына қиянат есептеледі. Исламдағы доктриналық принциптер қай кезде де өзгермейді. Ал, құқықтық тармақ мәселелердің үкімінің заманға немесе мекенге байланысты өзгеруі сол халықтың әдет-ғұрыпымен де қатысты. Бұл адам баласының бұрын-соңды кездеспеген қажеттілігінің орындалуын білдіреді. Сондай-ақ, сан ғасырдан бері исламмен біте-қайнап келе жатқан қазақ халқының әдет-ғұрпын ислам дінінің дерек көздеріндегі нақты фактылерімен қатар түсіндіру  жас ұрпақты түрлі экстремистік және террористік топтарға еріп, солардың сойылын соғып кетуден аман алып қалудың бірден-бір жолы деуге болады.

 Абдусамад Оқан, исламтанушы  

[1] Саясат Көкенай, Діннің қазіргі әлемге ықпалы. – Алматы: «ИП Волкова», 2013. 339 бет.

[2] Уәһбатүз Зүхайли. Ұсулүл фықһ әл-ислами. – Қаһира: «Фикр» баспасы, 2005. 2-том, 104 бет.

[3] Әділбаев А.Ш. Бейбітшілік пен ізгіліктің кепілі//ғылыми-тәжірибелік конференция, 2 шілде 2014. 53 бет.

[4] Зәйнүддин әш-Шаһир би ибн Нәжим. Әл-әшбәһә уан назайр ғәлә мәзһаби Әби Ханифа. – Бәйрут: «Дәрүл күтүбүл ғилмия» баспасы, 1999. 101 бет.

[5] Абдулазиз Мұхаммад Ғұззам. Қауағидүл Фықһия. – Қаһира: «Дәрүл хадис» баспасы, 2005. 175 бет.

[6] Уәһбатүз Зүхайли. Ұсулүл фықһ әл-ислами. – Қаһира: «Фикр» баспасы, 2005. 2-том, 120-122 бет.

[7] Уәһбатүз Зүхайли. Ұсулүл фықһ әл-ислами. – Қаһира: «Фикр» баспасы, 2005. 2-том, 110  бет.

[8] Молла Әли Қари. Фәтхү бабил ғинәя фи шархи китәбин ниқая. – Бәйрут: «Дәрү ихияид турасил араби» баспасы, 2005., 2-том, 107 бет.

[9] Молла Әли Қари. Фәтхү бабил ғинәя фи шархи китәбин ниқая. – Бәйрут: «Дәрү ихияид турасил араби» баспасы, 2005., 3-том, 204 бет.

[10] Әл-Минһаж фи шархи сахих Мүслим ибн Хажжаж шархүн Нәуәуй ғәлә Мүслим, «Бәйтүл әфкарид дәулия» баспасы, 2068 бет. 1604-хадис.

[11] Молла Әли Қари. Фәтхү бабил ғинәя фи шархи китәбин ниқая. – Бәйрут: «Дәрү ихияид турасил араби» баспасы, 2005., 3-том, 283 бет.

[12] Әбу Хамид Мұхаммад әл-Ғәззали. Ихияү ғүлумуд-дин, «Дәру ибн Һәйсам» баспасы, 2004. 1-том, 473 бет.

[13] Әбу Хамид Мұхаммад әл-Ғәззали. Ихияү ғүлумуд-дин, «Дәру ибн Һәйсам» баспасы, 2004. 1-том, 473 бет.

[14] Махмуд Абдулхамид әл-Ахмад. Дирасатүн фис сақафатил исламия уәл фикрил мүғасир. – Димашық: «Дәрүл фикр» баспасы, 2004. 127 бет.

[15] Cүнәну Ибн Мәжжа әл-Қазуайни. – Димашық: «Дәру рисәлатил ғәламия» баспасы, 2009. 676 бет.

[16] Дамира Өмірзаққызы Ибрагим. Адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың өмірі. – Алматы: «Алтын қалам» баспасы, 2007. 97 бет.

[17] Әбу Бәкір Ахмад ибн Әли әл-Жассас,  Ахкәм әл-Құран, «Дәру күтубул ғилмия» баспасы, Байрут. – 2007. 1-том, 489 бет.

[18] Әл-Минһаж фи шархи сахих Мүслим ибн Хажжаж шархүн Нәуәуй ғәлә Мүслим, «Бәйтүл әфкарид дәулия» баспасы, 1277 бет.

[19] Әл-Минһаж фи шархи сахих Мүслим ибн Хажжаж шархүн Нәуәуй ғәлә Мүслим, «Бәйтүл әфкарид дәулия» баспасы, 1279 бет.

[20] Бәдруддин әл-Ғәйни, Әл-Биная шәрху Һидәя. 9-том, 340 бет.

[21] Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы, Абай шағармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: «Жазушы» баспасы, 2005. 2-том, 99 бет.

[22] Молла Әли Қари. Фәтхү бабил ғинәя фи шархи китәбин ниқая. – Бәйрут: «Дәрү ихияид турасил араби» баспасы, 2005., 3-том, 160 бет.

[23] Кәмалуддин Ибннул Һумам әл-Ханафи. Шарху Фәтхул қадир. – Бәйрут: «Дәру күтубул ғилмия» баспасы, 2000. 5-том, 64 бет.

[24] Фәтәуа Қадихан фи мәзһаби Әби Ханифа ән-Нұғман. 1-том, 531-бет.

[25] Cүнәну Ибн Мәжжа әл-Қазуайни. – Димашық: «Дәру рисәлатил ғәламия» баспасы, 2009. 2-том, 532-бет.

[26] Фәтәуа Қадихан фи мәзһаби Әби Ханифа ән-Нұғман. 1-том, 162-бет.

[27] Әр-Рауда, 2-том, 139-бет.

[28] Қайрат Жолдыбайұлы. Дін мен Діл. – Астана: «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры»,  2011. 81-бет.

[29] Қайрат Жолдыбайұлы. Дін мен Діл. – Астана: «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры»,  2011. 81-85 бет.

[30] Мұхаммед Әли Әс-Сабуни. Тәпсиру аятүл әхкам. – Қаһира: «Дәрус Сабуни» баспасы, 2007. 1-том, 126-бет.

Show More

Басқа жаңалықтар

Close