Жаңалықтар

Дін және қоғам қайраткері Файзолла Сатыбалдыұлының есімі ұлықталды (ФОТО)

Астана. 8 қараша. KAZISLAM — Қазақстан Республикасы Президентінің «Рухани жаңғыру» идеясы аясында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ақын, дін және қоғам қайраткері Файзолла Сатыбалдыұлының 135 жылдығына арналған «ФАЙЗОЛЛА САТЫБАЛДЫҰЛЫ ЖӘНЕ РУХАНИ ДАМУ МҰРАТЫ» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті деп хабарлайды аталмыш ЖОО-ның баспасөз қызметі.

Конференция жұмысына отандық ғалымдар, шетелдік саяси қуғын-сүргін тақырыбын зерттеуші мамандар, ақын-жазқушылар мен студент-жастар қатысты.

Шараны Еуразия ұлттық университетінің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы ашып, университет басшылығының құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар, ақынның өмірі мен еңбек жолы бүгінгі ұрпаққа тұнып тұрған үлгі-өнеге екенін айтып өтті.

Проректор Дихан Қамзабекұлы шығармашылық жағынан – халық ақыны, діни ұстанымы жағынан – Әбу Ханифа Имам ағзам жолын дәйекті насихаттаушы Ф.Сатыбалдыұлы мұрасына байланысты осыған дейін республикалық және халықаралық деңгейде шара өтпегенін, бүгінгі ЕҰУ-дегі халықаралық ғылыми-практикалық конференция соның ең басы да ең бастысы екенін баса айтты. Сонымен қатар діндар мұрасына Түркия дінтанушы-ғалымдары қатты қызығушылық танытып отырғанын, оның жырлары мен дастандары Әбіғаппар хан, Кейкі мен Амангелді батырлар оқиғасын жан-жақты ашып көрсететінін жеткізді.

Жиында сөз алған отандық ғалымдар мен зерттеуші мамандар Файзолла Сатыбалдыұлының өмірі мен шығармашылығы және діни қайраткерлігі жайлы кеңінен әңгіме қозғады. Әсіресе, артына мол поэтикалық мұра қалдырған, араб, орыс әдебиеті үлгілерінен тәржімелер жасаған қайртакер-қаламгердің аудармаларынан бөлек, өміршең өлеңдері өз алдына сөз болды. Мәселен, ақын 1920 жылы жазған «Халқыма» атты өлеңінде «Құрбандығың болар едім жолына, Ел болсаң сен өз алдына іргелі» деп жазады. Бұдан ақынның көзі тірісінде тәуелсіздікті аңсап өткенін аңғару қиын емес. «Тырнақша қадаса да инесін, Білсін тағдыр өнер басын имесін» дейді 1928 жылы Қостанай түрмесінде жазған «Тас түрмеле» атты жырында. Ал «Шафағат яр соллаллаһ» және «Мінажат» циклымен жазған жырлары Аллаһтың хақтығына, әділдіктің күні туатынына деген сенімге толы. Сонымен қатар ақынның «Ахмет қайтыс болды дегенде», «Мағжан түсіме кіргенде», «Ахметсафа Юсуповқа хат» сынды өлеңдері тарихилығымен құнды. Ақын «Тас мешіт» (1914), «Тоқымбет — Гүләйім» (1929), «Адамзат шежіресі» (1930), «Ұзақ жол» (1935), «Аязби» (1946) атты дастандар жазған. «Әбдіғаппар хан» атты поэмасын 1916 жылы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісіне арнаған.

Халықаралық конференция барысында ақын, дін және қоғам қайраткері Файзолла Сатыбалдыұлының кітабының тұскаукесер рәсімі болды.

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close