Ғибратты әңгімелер

Діні бөлекпен диалог

 «Жүйелі сөз жүйесін табады» демекші, бір ауыз сөз адамның жүрегіне жол ашады. Ал, «жүйесіз сөз иесін табады» дегендей ойланбай айтылған сөз адамның ара-қатынасына сызат түсіреді. Бір ұлт, бір дін ұстанатын адамдар арасында тіл табысу қаншалықты маңызға ие болса, басқа дінді ұстанатын адаммен диалог құра білу де – қоғам үшін де сол дәрежеде маңызды. Осындай диалогтардың біріне тоқтала кетуді жөн көріп отырмыз.

Бұл – Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен құрайыш руының атқа мінерлерінің бірі Ұтба бин Рабиға арасындағы сұхбат.

Ұтба келіп Пайғамбарымызды Исламды насихаттау райынан қайтармақ боп былай дейді:

-Ей, ағамның баласы! Сен арамызда әулетің төре, тегің жоғары адамсың. Руыңа үлкен бір қиыншылық алып келдің. Елдің бірлігін бұзып жатырсың, олардың көзқарасын ақымаққа баладың, құдайлары мен діндерін айыптадың, ата-бабаларына тіл тигіздің. Енді маған құлақ сал. Саған ұсынысым бар, мүмкін бірін қабыл етерсің,-деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

-Уа, Әбу Уалид (Ұтбаның қосалқы есімі)! Сені тыңдап тұрмын,-деді. Ұтба:

-Ей, ағамның баласы! Сен осы әрекетің (жаңа дінді насихаттаудағы мақсатың) мал-дүние болса, арамыздағы ең дәулеттіміз болатындай саған барлығымыз дүние жинап берейік. Егер атақ-абырой қаласаң, сенсіз ешбір шешім қабылдамайтын арамыздағы төре етейік. Ал, егер байлық қаласаң, сені патша етейік. Ал, егер сені мазалап жатқан нәрсе (жын, пері) болса дәрігер табайық, бар дүниемізді жұмсасақ та сені емдетеміз»,-деп бірқатар ұсыныстар айтады. Алла елшісі (с.ғ.с.) Ұтбаның сөзін бөлмей мұқият тыңдады. Соңыра: «Уа, Әбу Уалид! Сөзіңді толық тәмамдадың ба?,-деп сұрады да: Олай болса менің сөзіме де құлақ сал деп:

«Ха Мим. Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла тарапынан түскен. Бұл Кітап – білген ел үшін аяттары ашық баян етілген арапша Құран. Қуандырушы, қорқытушы. Алайда, олардың көбі жалтарады. Сондықтан, олар құлақ салмайды. Әрі олар: «Сенің бізді шақырып жатқан нәрседен біздің жүректеріміз перделеніп тұмшаланған әрі құлақтарымызда кереңдік бар, ал, біз бен сенің арамызда тосық бар. Сондықтан, сен, өзіңше істе де, біз, өзімізше істейік» дейді[1]»,-деп Құран аяттарын оқи бастады.

Ұтба үнсіз тыңдап отыр. Сәжде аятына келгенде, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тиләуат сәжде жасады да: «Уа, Әбу Уалид! Міне, сен өзің естідің. Енді бұл аяттар мен сені оңаша қалдырамын»,-деп ақыл салуға шақырды. Ұтба қош айтысып, жора-жолдастарына қайтты. Ұтбаны көрген құрайыштың атқа мінерлері: Мынаның бет-жүзі өзгеріп кетіпті, бағана мұндай емес еді,-деп жатты. Араларына келіп отырғанда:

-Ей, Әбу Уалид! Не хабармен келдің?,-деп тағатсыздана сұрады. Ұтба болса:

-Мен бір сөз естіп келдім. Алланың атымен ант етіп айтайын, ондай сөзді еш естіп көрмегенмін. Ол сөз ақынның өлеңі де, сиқыр дуасы да, тіпті, сәуегейдің сандырағы да емес. Ей, Құрайыш көсемдері! Менің айтқаныма құлақ салып, көніңдер. Оны өз жөніне қойыңдар, тиіспеңдер. Мен үлкен бір хабар естідім. Егер араб халқына ол келсе, сендерсіз де жеткілікті болмақ. Егер үстем шықса, оның иеленгені сендердің де мүлкің болары анық. Оның мәртебесі, сендердің мәртебелерің болады. Адамдардың ең бақыттысы – сендер боласыңдар,-деді.

Алайда, құрайыш атқа мінерлері:

-Ей, Әбу Уалид! Сені ол өз тілімен сиқырлап тастапты»,-деп құлақ аспады. Ал, Ұтба оларға:

-Менің айтарым осы, ары қарай өздерің біліңдер»,-деп шарасыз үнмен жауап қатты.

Ендеше, бұл диалогқа зер салып талдап көрелік:

Біріншіден, Ұтба Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ар-намысына тиетін бірқатар сөздер айтты. Ол сөздерге мән беріп қарасаң, Пайғамбарымызды дүниеқұмар, мансапқұмар, тіпті, есі дұрыс емес, жынды деп те айыптады. Алайда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ешбір ашуланбастан, ерекше сабырлықпен сөзін бөлмей тыңдады. Бірақ, мұндай сөздер кез келген адамды ашуландыратыны айтпаса да түсінікті. Ал, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) оған берген жауабы дәл солай дөрекі және намысына тиетіндей болмады. Керісінше, байсалды да байыпты болды.

Екіншіден, сөзімен келіспесе де, айтқандарын көңіл бөліп тыңдап шықты. Ешбір сөзін бөлмеді. Бұл – аса маңызды жайт. Сіз тыңдай білмесеңіз, тыңдата да алмайсыз. Сөзіңіз естір құлаққа жетсін десеңіз, айтушының сөздерін, оның ойымен келіспесеңіз де, мұқият тыңдауды үйреніңіз. Байқасаңыз, ортақ мәмілеге келе алмайтын адамдар бір-бірінің сөзің тыңдамай, тек өзі сөйлей береді. Нәтижеде диалог емес, дау-дамай, сұхбат емес, салғыласу боп кетеді.

Қорыта айтқанда, қанша адам болса – сонша ой, сол шамада дүниетаным болуы заңдылық. Бірақ, бұған қарамастан барлығы да бір-бірінің ұстанымына құрмет көрсетуі – әркімнің азаматтық борышы. Адам үшін діни сенімі – ең қастерлі ұғым. Ендеше, діни көзқарасы басқа адаммен сөйлескенде әдеп пен көркем мінезді басшылыққа алу қажет.

Руслан ҚАМБАР

[1] Фуссиләт сүресі, 1-5 аяттар

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close