Ислам және қоғам

Діни тұрақтылық — қоғамдық тұрақтылық кепілі

Алматы қаласы бойынша діни жағдайға шолу жасасақ Қазақстанда бар 18 конфессияның 17 конфессиясының 179 діни бірлестігі Алматыда тіркелген. Діни бірлестіктердің мүшелері қоғамдық өмірдің барлық сфераларында заң жүзінде және күнделікті өмірде тең саяси, мәдени, әлеуметтік құқықтарға ие болып отыр.

Бұл бірлестіктердің қызметін және де басқа да діни жағдайды реттестіруді  Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы (бұдан әрі – басқарма) жүзеге асырады. Айдар Есенбеков жетекшілігіндегі бұл басқарманың қызмет аясы жылдан жылға өсіп, кеңейе түсуде. Оны діни бірлестіктермен жұмыс жасау бөлімі, ақпараттық-сараптамалық бөлім, зерттеу және сараптау орталығы және ақпараттық кеңес беру орталықтары жүзеге асыруда.

Соңғы жылдары Қазақстанның кейбір аймақтарында пайда болған  ислам ілімін бұрмалап, дәстүрлі ханафи мазхабының ұстанымдарына қайшы уағыз таратушы экстремистік бағыттағы исламдық ағымдар Алматы қаласында да қызметтерін белсенді іске асырып жүрді. Олар ешқандай тіркелусіз ғибадат орындарын ашып, тиым салынған немесе Қазақстан мұсылмандар басқармасымен мақұлданбаған діни әдебиеттерді таратумен айналысатын. Басқарма осындай топтардың заңсыз әрекеттерін құқық қорғау мекемелерімен бірлесе отырып әшкерелеп, заңға сай айыппұл төлетіп, қажет жағдайда қызметтеріне толық тиым салып отырады.

Алматы қаласында радикалды исламдық ағымдармен қоса жаңапротестанттық ағымдардың да миссионерлік қызметімен байланысты біраз мәселелер де баршылық. Бұл мәселенің күрделілігі олардың заңға ашық қайшы келмей, астыртын жұмыс жасайтындығында болып отыр.

Қазіргі таңда, дінтанушылар Қазақстан қоғамындығы миссионерлікпен байланысты көріністерге қатысты біраз мәселелерді көтеріп жүр. Соның бірі прозелитизм  қоғамымыздағы көптеген діни ағымдарға тән болып келеді, әйтсе де прозелитизмнің ашық көрінісі жаңа протестанттық ағымдарда кең етек жайғанын байқауға болады. Осыған орай, прозелитизм түсінігі қазақстандық миссионерлік қызметтің маңызды бір элементін анықтайды деп айтуға болады.

Жалпы шетелдік миссияларды бір-бірінен тәуелсіз ұйымдар ретінде қарастыру үлкен қателік болып табылады. Өйткені шетелдік және отандық миссияларда христиандық принциптерге негізделген ортақ мақсаттары мен мүдделері бар. Ұлттық және шетелдік миссиялар арасындағы айырмашылықтары тек қана көзделген уақытша мақсаттарына байланысты болып келеді.

Алматы қаласындағы жаңапротестанттық ағымдардың қызметтерінің қазіргі кезеңдегі формалары әр түрлі. Олар өздерінің қоғамдық санаға әсер ету деңгейлерін кеңейту мақсатында түрлі жаңашылдықты белсенді қолданады. Үгіт-насихат, діни ұйымдар мен зайырлы қоғамдық ұйымдар арасында қатынастарды қолдану арқылы қайырымдылық іс-шараларын жасау, білім беру салаларында қомақты жобаларға қаржы бөлу, баспа және ақпарат құралдарына шығу, мәдениет және бизнес салаларында қызмет жасау мақсатты түрде іске асып жатыр. Қазір Алматы қаласындағы бірлестіктердің біразы қоғамдық, білім беруші, мәдени-ағартушы («ғылыми қоғам», «ассоциация», «қор», «орталық» т.б.) ұйымдар ретінде тіркелулері олардың қызметтеріндегі жаңа тенденциялардың көрінісі десе болады.

Олар өздерінің әлеуметтік мәртебелерін көтеру үшін жылжымайтын мүліктер сатып алып, журналистердің, заңгерлердің, мемлекеттік шенеуніктердің кәсіпкерлік және саяси беделін өз мүдделеріне қолдануды кәсіпке айналдыруда. Бұл бірлестіктер көбінесе есірткіге, ішімдікке қарсы тағы да басқа әлеуметтік бағдарламалар мен акциялар ұйымдастырады.

Тағы бір мәселе діни ұйымдар қайырымдылық қызметтерін өз діни ілімдерін уағыздау үшін қолданады. Діни ұйымдардың қайырымдылық бағдарламалары мен акциялары миссионерлік бағытта іске асырылады. Олардың қайырымдылық қызметі қоғамдық санада позитивті имидж қалыптастыру үшін, мемлекеттік орган өкілдерімен байланыс орнату мақсатында жасалады.

Тарих беттерінде мемлекеттерді жаулап алу және оны басқару формалары уақыт талаптарына сай өзгерістерге ұшырап отырғанын байқауға болады. Қазіргі даму сатысында ақпараттық және коммуникациялық «өркениетті басқару» формалары екінші орынға әскери және тікелей саяси басқару формаларын ығыстырды. Осылайша, миссионерлік қызметтің жемісінен туындаған діни сенім және жаңадан орнатылған құндылықтар — шекаралары тікелей шектеспеген елдің өміріне саяси немесе әскери күшсіз әсер етуге, араласуға жол ашады.

Жеке адамның рухани тазаруы үшін дін үлкен рөл атқаратынын өркениетті елдер тәжірбиесі дәлелдеп отыр. Өз мәнінде уағыздалған діни нанымдар бір  халықты екінші халыққа қарсы қоюды мақсат етпейді. Керісінше барлық адамзатты бейбітшілікке, сенімге, тәубәға, келісімге шақырады.

Елбасы Н.А. Назарбаев Діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрестің 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында: «Біз енді жастардың діни сауаттылығын бірінші орынға қою керектігін түсіндік. Жалпы қоғамның діни дүниетанымын қалыптастырудың жолдарын жетілдірудің шараларын жасаудамыз. Оның нәтижесі қалай болатынын уақыт көрсетеді. Әйтсе әрбір азамат қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды адастырып, исламдық және басқа теріс діни бағытқа тартуға тырысатынын ұмытпауы керек. «Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек. Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек. Біз өзін өзі ұстаудың ерекше үлгілерін алуға тиіспіз. Мен жария етіп отырған стратегия біздің халқымызды орта ғасырларда емес, ХХІ ғасырда өмір сүруге дайындайды», деп тұжырым айтты.

Осы стратегияны ұстана отырып, еліміздегі әртүрлі діни ұйымдар арасында бірлік пен татулықты, өзара түсіністік пен ынтымақтастықты тереңдетіп және ұлтттық сананы дамыта отырып, теріс идеялар мен көзқарастардың алдын алуға күш салуымыз қажет. Діни сананың бірегейлігі мен дұрыс дамуы қоғам бірегейлігінің алғышарты.

 

 

 

 

 

 

 

Борбасова Қарлығаш Молдағалиқызы

философия ғылымдарының докторы,

Әл-Фараби атындағы Қаз ҰУ-нің профессоры

Show More

Басқа жаңалықтар

Close