Ғибратты әңгімелер

Дуалы ауыз данышпан

Имам Муслим еңбегінде Асир бин Жабирден мынадай оқиға жазып алынған:

Халифа Омар бин Хаттаб (р.а.) заманы екен. Мұсылмандар әміршісі Омар (р.а.) Йемен жауынгерлерін көрсе: «Араларыңда Амирұлы Уайс бар ма?»,-деп үнемі Ойсыл Қараны іздестіріп жүреді. Күндердің күні кезекші жорықтан қайтқан Йемен әскерінің ішінен хабар-ошар алып жүріп ақыры жолықтырады.

Жылдар бойы іздеген адамы сол екеніне анық көз жеткізу үшін халифа: «Сен Амирұлы Уайссың ба?»,-дейді. Уайс: Иә,-дейді. Сен Мұрад, оның ішіндегі Қаран тайпасынансың ба?,-деді. Ол: «Иә»,-деп жауап берді. Халифа: «Сенің тұла бойыңа алапес дерті меңдеп, одан толығымен айығып тек теңгедей жері ғана қалған ба?»,-деп тағы сұрады. Ол: «Иә»,-деп жауап берді. Хазреті Омар (р.а.): «Сенің анаң көзі тірі ме?»,-деп соңғы сұрағын қойғандай болды. Уайс Қарани: «Иә»,-деп тағы қысқа қайырды.

Сонда халифа өзінің мұншама егжей-тегжей жөн-сұрасқанының себебін түсіндірмек боп: Мен Алла елшісінің (с.ғ.с.) естігенім бар еді, деп әңгіме бастады. Ардақ пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендерге Йемен жорықшылары сапында Амирұлы Уайс келеді. Ол Мұрад, оның ішінде Қараннан шыққан. Ол алапеспен ауырып, ем тапқан, тек теңгедей жері ғана қалып қойған. Оның анасы бар, анасына өте мейірбан кісі. Егер ол (Уайс) дұға жасаса тілегі қабыл болады. Одан өзің үшін Алла Тағаладан жарылқау тілеуін сұрай алсаң, сұрап қал»,-дегенін естіп едім,-дейді.

Уайс Қарани – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында өмір сүріп, бірақ Алла елшісімен дидарласа алмаған тұлға. Оның жалғыз себебі, анасының қызметінен шыға алмайды. Алайда, анасына жасаған перзенттің парызының берекетімен дұға-тілегі қабыл болатын адамға айналады.

 Руслан ҚАМБАР,

исламтанушы

Show More

Басқа жаңалықтар

Close