Жаңалықтар

Дархан Кәлетаев Алматы облысындағы ҚМДБ өкілдерімен кездесті

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев  Талдықорған қаласына жұмыс сапары барысында Қазақстан Мұсылмандары  Діни Басқармасының Алматы облысындағы өкілдерімен кездесті.

Кездесу барысында Дархан Кәлетаев қазіргі уақытта Министрлік еліміздегі имамдардың білімі мен біліктілік деңгейін арттыруға айрықша көңіл бөліп отырғанын атап өтті. 2018 жылы мемлекеттің есебінен 100 имам мен 90 теологқа  білімі мен біліктілігін арттыру үшін  арнайы  курстар өткізуді жоспарлап отырғандығы туралы айтты.  Бұдан бөлек, Дін істері және азаматтық қоғам министрі ҚМДБ-ның Алматы облысындағы өкілдігі діни қызметшілерінің біліктілігін арттыру мақсатында «Жергілікті имамдардың резервін» әкімдікпен бірлесе қалыптастыру қажет екендігін атап өтті.

Іс-шараға сондай-ақ,  Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов  қатысты.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов министрді өңірдің діни ахуалымен таныстырды. Өңір басшысының айтуынша Алматы облысында заңды тіркелген 438 мешіт бар, аталған мешіттерде барлығы 533 имам қызмет атқарады.

Бұдан бөлек министр Талдықорған қаласының орталық мешітінде болды. Мұнда ол имамдармен жолығып, дін саласында атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталып өтті. Атап айтқанда Дін саласында әзірленіп жатқан жаңа заң жобасының маңыздылығы туралы айтты. Сондай-ақ, кездесу соңында  жұма намазына жиналған мешіттегі жамағатпен жүздесті.

Дархан Кәлетаев Алматы облысына іс-сапары барысында сондай-ақ, Талдықорған қаласындағы Жастарға қызмет көрсету орталығында болып, аталған  мекеменің жұмысымен танысты. Сондай-ақ өңірдегі жастар саясатын дамыту, жастардың бос уақытын тиімді қамтамасыз ету, оларды жұмыспен қамту мәселелері бойынша  өзінің ұсыныстарын ортаға салды.

Show More

Басқа жаңалықтар

Close