Жаңалықтар

Бурабайда жаңа мешіт ашылды

Бурабай баурайында осы заманғы сәулет өнерімен салынған еңселі мешіт ашылды. Айтулы оқиғаға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай Ораз хазірет арнайы қатысып, мұсылман қауымға өзінің ақжарма тілегін арнады.

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин мешіт салу аса тағылымды іс екенін атап көрсетті.

«Осы Бурабай жерінде азаттықты аңсаған алаштың алыптары, хандары мен батырлары бас қосып, елдік мәселелерді байыппен шешкен. Бүгінгі тәуелсіздік алған кезде бірлігіміз бен ынтымағымыздың мызғымас беріктігін паш ететін ұлық істердің жарасым табуы жақсылықтың нышаны. Имандылық үйі – мешіттің өзінің қайталанбас сипатымен салынған, сәулет өнерінің ерекше туындысы ретінде бой көтерген қуанышы сауабы мол іске жатады», – деді Бас мүфти Серікбай Ораз өзінің құттықтау сөзінде.

Мешіт құрылысын Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы қадағалаған. Жалпы алаңы 1659 шаршы метрді құрайды. Мешіт маңындағы жер телімінің өзі қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, ат шаптырым. Төңірегі тегіс абаттандырылған, дәл жанында автомобиль тұрағы, гүлзарлар және жаяу жүргіншілерге арналған жол салынған. Нысанның ішінде бұл өңірде кездесе бермейтін  Променад, Конгресс-холл болғандықтан, айрықша сәулетті кешен деп те айтуға болады. Мешіт тез салынды. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың қаңтар айында басталған болатын. Тез болса да, сапалы екендігі байқалып тұр. Мұнаралары алыстан менмұндалаған Алланың жердегі үйі келімді-кетімді кісісі көп Бурабай ауылының бұрынғы сәулетіне жаңа реңдегі әдемі кейіпті еселей түседі екен. Ашылу салтанатында Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин ел бірлігін нығайту тарапында атқарылып жатқан саналуан жақсы істер жайын жиналған жамағатқа жеткізе келе, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын асқаралы міндеттердің оң шешімін тауып жатқандығына тоқтала келе, бүгінгі мешіт үйі жас ұрпақтың тәрбиесіне қалтқысыз қызмет ететін орын екендігіне тоқталды.

Мұнан соң сөз алған Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз өз сөзінде: – Бүгінгі таңда бірлігіміздің мызғымас берік екендігінің бұлтартпас айғағы тәрізді имандылық үйлері көптеп салынып жатыр,–деді ол,–бұл мешіттер сан ұрпаққа қызмет ететін болады. Осы мешітті салуға қаржылай көмек көрсеткен адамдардың да өздерінің иманды шаруасын жарнамалап айтпауының өзі көп жайды ұқтырса керек. Бұл жайлы Құранда да айтылған. Мәселен, кімде-кім мешіт салса, Алланың құрметіне ие болып, жұмақтан орын тиеді. Дәл осындай мешітке ие болуымыздың өзі қасиетті тәуелсіздігіміздің арқасында.

Мешіт – ұлы мәдениеттерге, адамгершілік пен ізгілікке, рухани құндылықтарды қасиеттей білуге тәрбиелейтін орын. Сөз соңында бас мүфти мешіттің кілтін табыс етті. Бурабай баурайын жайлаған дүйім ел атынан ауданның құрметті азаматы Нұрсейіт ақсақал Қасенов жамағаттың шексіз ризашылығын жеткізді. – Бұрынғы ескі мешітке отыз-ақ адам сиятын еді. Жұма намазына жиналған жұрт далада тұратын. Енді міне, 150 орындық, үш қабатты мешіт пайдалануға беріліп отыр. Ішінде ерлер мен әйелдерге арналған екі ғибадат бөлмесі, кітапханасы, 140 орындық ас беретін залы бар.

Осындай ел игілігі үшін иманды шаруа істеген барша азаматтарға ақ алғысымызды білдіреміз,–деді ол. Мұнан соң жиналған жамағат сәулелі мешіттің ішін аралап көрді. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Ақмола облысындағы өкіл имамы Қуаныш Сәбит құран бағыштап, Серікбай қажы Ораз ақ батасын берді. Жаңа мешіттегі жұма намазына жиналған жамағат бірін-бірі осы бір қуаныштарымен құттықтап, жақсылық тілесті.

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close