Жаңалықтар

Бердібек Сапарбаев ауызашар берді (ФОТО)

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Мәшбекұлы Қадір түнінің кешінде ауызашар беруді жылдағы игі үрдіс етіп келеді. Биыл да өңір басшысы отбасы атынан ақтөбелік мешіт жамағаттарына арнап ауызашар дастарханын жайды. «Нұр Ғасыр» мешітінің асханасында 150 адамға дәм ұсынылды. Мешіт жамағаттарынан жасы үлкен қариялар, апа-әжелер, өзге де қадірлі меймандар шақырылды.

Облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы жамағатқа жылы лебізін жеткізді. Алла Тағала тұтқан оразаларын, Рамазандағы, Қадір түнгі ғибадаттарын, елдің есендігін, тыныштығын тілеген дұғаларын қабыл етсін деді. Кешегі кеңестік дәуірде де намазын жасырын оқып, ораза тұтқан бабаларымыздың дініне берік болғандығын сөз етті. Бүгінде жылдан-жылға мұсылман жамағатының саны артып, мешіт сабын толтыруы, ғибадат-құлшылықтарын орындауы – Тәуелсіздік пен тыныштықтың арқасында келген нығмет екендігін тілге тиек етті. Өкіл имам Төлеби Оспан қасиетті Қадір түні берген ауызашарын Алла қабыл етсін дей отырып, өңір басшысына барша жамағаттың алғысын жеткізді. Отбасына амандық, ел игілігіндегі қызметіне жеміс тіледі.

Шара барысында ақтөбелік өнерпаз Манас Көшербаев терме орындап, қара домбыраның даусымен құлақ құрышын қандырды. Қасиетті Құран аяттары оқылып, дастарханның батасы берілді.

Облыс әкімі мешітке жасаған зияратында мінәжат үйінің тыныс-тіршілігімен танысып, мешіттің 10 жылдығына орай жоспарланып жатқан іс-шаралар барысын талқылады.  Марқұм болған жақындарына Құран бағыштап, пітір садақасын берді. Сондай-ақ, «Руханият» музейіне бас сұғып, ислам жәдігерлерін тамашалады. Музейдің тыныс-тіршілігі, жұмыс барысымен жақынырақ танысып, ұжыммен сұхбаттасты.

 

 

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close