Ислам және қоғам

Бала және дін, кәмелеттік жасқа толмаған діндар

Тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда елімізде дәстүрлі ислам дініне қарқынды бетбұрыс басталғаны белгілі. Атеистік кезеңде дінге сусап қалған халық 1992 жылы наным сенім бостандығы туралы заңнан кейін руханият саласында еркіндікті бек сезінді. Сол уақыттардан бері жалғасып келе жатқан осы бетбұрыстан қоғамдағы көп өзгерісті байқауға болады. Бүгінде елімізде мешіттер саны 2550 ге жетсе, медреселер саны он шақты, басқа да діни білім беретін оқу орындарының саны артты.

Бүгінгі күні дінге бетбұрушылар қатарының басым бөлігін жастар құрап отыр. Мешіттерден де құлшылық жасаушылар негізінен жастар екендігі анық байқалады. Отандық сарапшы Г.Бейсенбинаның мәліметінше, социологиялық зерттеулер өздерін дінді ұстанатындардың қатарына жатқызатын жастардың көп бөлігі дінге отбасындағы тәрбие ықпалымен келгендігін көрсетеді. Екіншісі – жастардың дінге өздерінің рухани ізденістері нәтижесінде келуі. Келесі сатыда – респонденттердің дін жолына өз таныстары мен достарының ықпалымен келгендер. Яғни, жастардың дінге келуін оның қоршаған әлеуметтік ортасымен және басқа да әртүрлі жағдайларға қатысты бірнеше факторлармен айқындауға болады. Осы деректер және күнделікті өмірдегі қарапайым бақылау жастардың дінге келуі мен ұстануында олардың ішкі ізденістерінен гөрі, сыртқы факторлардың ықпалы басымдау екендігін көрсетеді.

Жастардың осындай дінге деген зор қызығушылығы мектеп оқушыларына да елеулі әсер еткені аңғарылады. Соңғы жылдары мектептерде жұма күндері балалардың мешітке кетіп қалуы, қыз балалардың басына орамал салып сабаққа келу жағдайлары жиі кездесуіне орай мектеп әкімшілігі бұл мәселені қоғамдық деңгейде көтере бастады. Әсіресе Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылғалы бері бұл мәселе мемлекеттік деңгейде қаралып жатқанын айтуға болады. Осы тұста елімізде басым көпшілік ислам сенімінде болғандықтан, діндегі жауапкершілік жасына тоқтала кеткен орынды болар деген ойдамыз. Исламда адам өміріндегі жас кезеңдері сәбилік, ес білмейтін балалық, тәмииз (ес білетін, оң, солын ажырату) және балиғат жасы деп көрсетіледі. Рүшд жасы да балиғатпен қатар я балиғаттан кейінгі есею ретінде белгілі. Алайда ғалымдар балиғатқа дейінгі рүшді (өз дүниесіне еге болатындай жас) есепке алмаған.

«Балиғат» деген сөз араб тілінде толысу, жету, ұйғарылған іс, мекен мен уақыттың шегіне жету деген мағыналарды білдіреді. Адам өмірінің кезеңдерінің бірі балалық шағының аяқталып, есею кезеңінің басталғанын білдіреді. Балиғат жасына толу ұғымы Құранда бірнеше жерде кездеседі:
Адамның дүние тіршілігінінің сатылары туралы қозғайтын аятта Алла тағала былай дейді: «..Қалағанымызды белгілі бір мерзімге дейін жатырда ұстаймыз, кейіннен сендерді сәби ретінде шығарамыз. Содан кейін күш толыстыру үшін (сендерді өсіреміз). Араларынан кейбірі (бала кезде) ажал құшады, өмірінің ең қиын шағына (кәрілікке) жетеді, бәрін білген күйден есінен алжасады… « (әл-Хаж, 22/5).

Аятта айтылғандай адам табиғи түрде ажал келмеген жағдайда балалық, есею және кәрілік кезеңдерін бастан кешеді. Құран әлі балиғат жасына толмаған балалардың шешіну әрі ұйқыға жату уақыты болған үш мезгілде жатын бөлмеге рұқсатсыз кірмеуін (Нұр, 24/58) білдіріп, балалық кезең туралы сөз етеді.

Адамның діндегі бұйрықтарға жауапты болуында балалықтан арылып, ақыл толыстыруы шарт. Исламда (афғали муакаллафун) жауаптылық жағдайында істеуге міндетті, істемеуі тиіс бірқатар бұйрықтар мен тыйымдар бар. Бұлар; парыз, уәжіп, сүннет, мүстахаб, халал, мүбах, макрух, харам. Мұсылмандар осылардың біразын істеуге, енді біразын істемеуге жауапты. Осы жауапкершіліктер балиғат деп аталған жасқа келгенде міндеттеледі. Осы себепті балиғат жасының исламдағы орны ерекше. Балиғат жасының басталуы қыздарда тоғыз, ер балаларда он екі жастың аяғы. Әбу Ханифаның көзқарасында соңғы шегі (суық климаттарда немесе қалыптан тыс жағдайларда) ұлдарда он сегіз, қыз балаларда он жеті жас. Ұлдар он сегіз, қыздар он жеті жасқан келгенде балиғат жасына толық кірген болып саналады. Алайда қыз бен ұл балиғат жасының шегіне жетпестен ұйқыда немесе ояу кезде ихтилам болса, ұрық келсе, не бірі жүкті етіп, екіншісі жүкті болу жасына келсе, балиғат жасына жеткен болып саналады. Жоғарыда аталған балиғатқа толудың ерекшеліктері жалпы алғанда қыздарда тоғыз, ұлдарда он екі жасында пайда болады. Климаты ыстық аймақтарда бұл ерекшеліктер одан да ертерек жастарда байқалуы мүмкін. Бұл ерекшеліктер байқалған уақыттан бастап мұсылмандық жауапкершілік басталады. Бұл жасқа келмегендерге ислами жауапкершілік артылмайды. Әбу Ханифаның шәкірті Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедтің пікірінше, мейлі ұл, мейлі қыз болсын балиғат жасына толудың шегі он бес жас. Ханафи мазхабында пәтуа осы негізбен берілген. Шафиғи мен Ханбали мазхабында балиғат жасының соңғы шегі он бес, Малики мазхабында он сегіз жас ретінде белгіленген.
Балиғат жасының соңғы шегіне келместен әуелі қыз бен ұлда байқалған ихтилам болу, сперма келуі не хайыз болу жағдайлары балиғатқа толудың белгілері болып табылады. Балиғат жасындағы қыз бен ұл ғұсыл, дәрет, намаз, ораза, дәулеті жетсе қажылық пен зекет беруге, ерлер жұма мен айт намаздарына баруға, өз дәулетінен жұмсау құқын иеленіп, басқа да жауапкершіліктерді атқаруға міндеттеледі. Бұл жастағы жастар ата- аналарының не үлкен бауырларының шешінетін, жатын бөлмелеріне рұқсатсыз кірмейді, бұл жастағы бауырлар бір төсекте жата алмайды, некелесуге болатындармен оңаша қалуына болмайды. Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) «Балаларыңыз жеті жасқа толғанда, оларға намаз оқуды бұйырыңдар» деген (Әбу Дәуіт, Салат, 26). Дінде осылай кең қарастырылып, жауапкершілік балиғат жасына толғандарға міндеттеле тұра елімізде балиғат жасына әлі жетпесе де қыз балаларына орамал тағуды міндеттеп жатқан ата-аналар кездесуде. Ал Білім және ғылым министрлігі болса 2016 жылдың 14 қаңтарындағы №26 бұйрығымен мектеп ішінде орамал тағуға тыйым салды. Министрлік мамандары мектептен тыс өмірде дінді ұстануға араласпайтындықтарын да ашып айтуда. Қазіргі уақытта Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі бірқатар заңнамаларға толықтырулар енгізуге бастама көтеріп, мектеп оқушыларының мешітке тек ата-аналарының рұқсатымен баруын қадағалауды күшейтпек ниетте. Ендеше, бүгінде өзекті болып отырған осы мәселеде тарапымыздан исламды берік ұстанып жүрген ата-аналарға басшылыққа бағынып, мектепішілік тәртіпке бағынудың жөн болатынын ескертпекпіз.

Гүлмира Шарханқызы

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close