Cіз білесіз бе?

Ашура күні ораза ұстау – Яһудилердің салты ма?

«Ашура» сөзі арабша он деген санның түбірінен келетін бір сөз. Мұхаррам айының 10-ы «Ашура» күні деп аталады (биыл қыркүйектің 20-сына сәйкес келеді, 2018).

Ашура күнінің түбі қайдан келеді деген мәселеге қатысты екі түрлі пікір бар: 1. Ашура – Хазіреті Мұса мен қауымының Перғауынның зұлымдығынан құтылып, осының шүкірі ретінде ораза ұстауға міндетті болған бір күн. Осы пікірді жақын көрген көптеген ориенталистер мұсылмандар мүбәрак деп санап, ораза ұстаған Ашура күнін яһудилердің бір салтына негіздейді. 2. Ашура – Хазіреті Нұх пайғамбардан бастап барлық сәмауи діндерде бар болған және жаһилия дәуіріндегі арабтар арасында Хазіреті Ибраһим пайғамардан бері ораза ұсталған маңызды бір күн. Бұл көзқарас Айша анамыз (р.а.) мен Абдуллаһ бин Омардың (р.а.) риуаятына сүйенеді. Айша анамыз (р.а.) былай дейді: «Ашура – Құрайыштың жаһилия дәуірінде ораза ұстаған бір күн. Алланың Елшісі (с.а.у.) де бұған бойұсынатын. Мәдинаға һижрет еткенінде де бұл оразасын ұстап жүрді әрі өзгелерге де ұстауды әмір ететін. Алайда, Рамазан оразасы парыз болғанда өзі Ашура күні ораза ұстауды тастады. Бұдан кейін Ашура күні ораза  ұстау  мұсылмандардың өз еркіне қалдырылды» (Бұхари, «Саум», 69; Мүснәд, VI, 29-30).

Ал Абдуллаһ бин Омар жеткен хадисте: «Ашура жаһилия дәуіріндегі адамдардың ораза ұстаған бір күні еді. Алайда, Рамазан оразасы парыз болғаннан кейін Пайғамбарымыздан (с.а.у.) Ашура күні жайлы сұрады. Пайғамбарымыз: «Ашура – Алланың күндерінен бір күн. Ораза ұстау-ұстамау әркімнің өз қалауында», – деп жауап берді», – делінген (Мүснәд, II, 57, 143).

Сахабалар арасында терең ілімімен танылған бұл екі сахабаның риуаяттарынан Ашура күнінің жаһилия дәуіріндегі арабтардың да маңызды деп санаған күндерінің бірі екені түсінікті болды. Хазіреті Айша анамыздың дәл осы Ашура күні Қағбаның жамылғысын ауыстыратындығын айтқан басқа бір риуаяты да бұны қуаттап отыр (Мүснәд, VI, 244). Арабтардың Ашура күнін қадір тұтуы осы күні дүниеге келіп, осы күні Қағбаны салған аталары Хазіреті Ибраһимнің құрметі үшін де болғаны әбден ықтимал.

Ал Хазіреті Мұса мен Исраил ұлдарының Перғауынның зұлымдығынан Ашура күні құтылғанын және Хазіреті Нұх пайғамбардың кемесі Жуди тауына дәл осы күні қонғанын айтқан яһудилерді Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өтірікке шығармауы, тіпті «Біз Мұсаға сендерден де жақынбыз» деп, осы күні ораза ұстауды әмір етуі (Бұхари, «Саум», 69, Мүснәд, II, 359-360) – Ашураның Нұх Пайғамбардан бастап барлық сәмауи діндерде өзіндік бір ерекше орны барына дәлел.

Ашура күнінің түп төркініне байланысты бұл екі пайымнан бөлек кейбір тарих, хадис, фиқһ кітаптарында кездесетін хабарлар да бар, олар: осы күні Адам пайғамбардың тәубесі қабыл етілгені, Юнус пайғамбардың балықтың қарнынан шыққандығы, Мұса мен Исаның дүниеге келген күні, Сүлеймен пайғамбарға патшалықтың берілгені, Дәуіт пайғамбардың тәубесінің қабыл етілгендігі, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өткен-кеткен, келешек барлық күнәларының кешірілгендігі жайлы Аллаһ Тағала тарапынан кепілдік білдірілгендігі және Меккеден Мәдинаға һижрет еткен күн ретінде сипатталуы. Не керек, бұл хабарлардың барлығын ғылыми тұрғыда дәлелдеу мүмкін болмағаны секілді, тіпті кейбіреуінің жалған хабар екені мәлім. Мәселен, Хазіреті Пайғамбарымыздың Мәдинаға һижреті 10 Мұхаррамда емес, 12 Рабиул-Әууәлда болған.          Ал бұдан басқалары «исраилият» хабарлар ретінде қабыл етіледі.

Хазіреті Нұх пайғамбар кезеңінен бері барлық сәмауи діндерде қабыл етілген Ашура күнінде ораза ұстау яһудилерде парыз етілген. Олар жетінші айлары болған Тишриннің оныншы күніне сай келген Ашураны өздерінің арнайы рәсімдерін өткізіп, бір жылдық күнәларынан тазалану үшін ораза ұстайды.

Жаһилия дәуірінде «құрайыштықтардың» да ұстаған Ашура оразасын Пайғамбарымыз пайғамбарлық келместен бұрын да ұстаған. Сосын біраз уақыт ұстауды қойып, Меккеден Мәдинаға һижрет еткенде Мұса пайғамбардың шариғатына сай Рамазан оразасы парыз болғанға дейін бір не екі рет Ол да ораза ұстап, мұсылмандарға да ұстауды әмір еткен. Ал Рамазан оразасы парыз болғаннан кейін Ащура күні ораза ұстауды мұсылмандардың өз еріктеріне қалдырған.

Сондықтан да, Пайғамбарымыздың Ашура күні ораза ұстауы яһудилердің салты болғандығы үшін деудің еш қисыны жоқ. Оның үстіне Нұх, Ибраһим, Мұса, Иса пайғамбарлардың діні Ислам болғандықтан, әрі Ислам дінінің ең соңғы пайғамбары болғандықтан  Аллаһ Елшісінің Ашура күні ораза ұстауды әмір етуі табиғи дүние.

Бұған қоса, Пайғамбарымыз яһудилерге ұқсамау үшін әдейі Ашура күнінің алдынан, артынан тағы бір күні қосып ұстауды өсиет еткен (Бұхари, «Саум» 69). Бұл да Ашура күні ораза ұстау яһудилердің салты болғандығынан емес, өткен пайғамбарлардың бір сүннеті болғандығы үшін екеніне тағы бір дәлел бола алады.

Тағы бір ескере кететін дүние, әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан Ашура күні жуыну, көзге сүрме жағу, әшекейлену, қына жағу, тойлау, арнайы ас пісіру, садақа беру, мешіттерді зиярат ету, құрбан шалу секілді іс-әрекеттер жайлы риуаяттар кездеспейді. Ал хадис деп тарап жатқан мәтіндердің көбі хадис емес, жаһилия дәуіріндегі арабтардың және яһудилердің салттарынан алынуы әбден мүмкін. Өйткені, бұл жайлы Пайғамбардан да,сахабалардан да жеткен қандай да бір дерек жоқ.

Сұлтан КЕРІМ

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close