Сұхбат

Ауыл мешіттерінің халі қалай?

Еліміз егемендігін алып, ділімізбен, дінімізбен қайта қауышсақ та  халықтың діни сауаты әлі де төмен. Молда жаназада ғана керек, ораза-намазды қарттар ғана ұстау керек деген түсінік әлі де бар. Кеңестік кезеңде дінімізден ажырап қалсақ та, ауыл халқы тілімізді, дәстүрімізді сақтап қалды. Дінімізді де сақтап қалды. Шалғай ауылдарда діни ахуал қалай екен? Шалғайдағы Торғай даласындағы Ақшығанақ ауылындағы мешіттің бас имамы Айдос қажы Әбдісалықпен тілдескен едік.

 -Ассалаумағалейкүм, Айдос қажы, өзіңіз басқарып отырған мешіттің атқарып жатқан қызметімен таныстырып өтсеңіз. Жасыратыны жоқ  ауыл жастарының жұмыссыздықтың кесірінен арақ-шарапқа бейім келетіні, ауылда арақсыз той өтпейтіні белгілі. Ауыл жастарын, халқын имандылық жолына бет бұрғыза алдыңыз ба? Шағын ауыл ғой, айтқаныңызды тыңдайды дегендей. Жалпы қандай жұмыс атқарып жатырсыз, нақты жоспарларыңыз бар ма, баяндап берсеңіз…

-Уағаликүмассалам, алдымен ауылымыз жайлы, мешітіміз жайлы қысқаша айта кетсем. Ауылымызда шамамен 150 дей отбасы бар, мыңға жуық халық бар ғой. Талай тарланбозды тудырған Торғайдың бір ауылы болғасын ауылымыздан да елге танымал адамдар көп шыққан. Ақын Кеңшілік Мырзабеков, Серік Тұрғынбекұлы, төл теңгеміздің атасы,  Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы Ғалым Байназаров, кәсіпкер Кәдір Жүнісов, марқұм мецанат Ерболат Төлегенұлы – осы ауылдың тумалары. Осы кісілер туған ауылына үнемі көмектесіп келеді. Мешітіміз де – осы ауылдың перзентерінің елге тартуы. Жасыратыны жоқ, бұрындары молда жаназаға ғана керек деген түсінік болды, атейстік қоғамда дін ұстанған, мешіт ұстап, шәкірт тәрбиелеген аталарымыз атылды, қудаланды. Бірен-саран сол аталарымыздың көзін көрген ақсақалдар дінімізді осы күнге жеткізді, құран оқу білген адамды молда санадық. Жаназа, т.б діни шараларды намаз оқу білетін аталарымыз атқарды.  Ақсақалдарымыздың көзі кетіп, ауыл халқы ақылдасып, Торғай еліне белгілі 37-нің зобалаңында құрбан болған үлкен білім иесі, халық әулие санайтын  Мұқан Бақтыбайұлының немересі Нұрхан деген жігітті Алматыға оқуға жіберді. Ол жігіт оқуын бітіріп келіп  кеңестік кезеңде дүкен болған ғимаратты мешітке айналдырып, шәкірт тәрбиелей бастады. Мен де – Нұрхан молданың шәкіртімін, мектептегі оқуымды бітіріп, 2 жыл отан алдындағы әскери борышымды өтеп келсем, Нұрхан молда өзге ауылға қоныс аударыпты, ал, мешіт шәкірттеріне аманат боп қалды. Өлі разы болмай тірі байымайды дейміз, ауыл халқы ата-бабаларына ас бере бастады. Сондай астардың біріне Алматыда тұратын кәсіпкер Кәдір Жүнісов ағамыз келді, мешітімізге келіп, қандай мұқтаждықтарың бар, мешітті жөндеп берейін деді. Мешітіміздің шағын екенін көріп, жаңадан мешіт салып берейін деді. Бұл 2009 жыл болатын, Сол жылы мен діни оқуымды жетілдіру үшін Алматыға оқуға кеткенмін, 2 жылдық оқудан келсем ауылымызда тамаша мешіт бой көтеріпті. Ұлы бабамыз Шақшақ Жәнібектің есімін бердік. Жүз адам еркін сыйып намаз оқи алады. Содан бері мешітіміздің ауылдың рухани ордасына айналған жайы бар.

Ал не атқарып жатырсың деген сұрағыңа келсек, негізі мешіт – жамағаттың намаз оқитын жері. Яғни, барлық мұсылманға ортақ.  Бірақ халықтың әлі де діни сауаты төмен болғасын мешітке жүктелер міндет көп. Халыққа намаз оқу молдалар мен қарттардың ғана емес, әр мұсылманның бес парызы екенін түсіндіреміз. Қандай кәсіп, қандай қызмет атқарсаң да ең басты атқаратын жұмысың – Алланың парыз еткен амалдарын орындау. Дін – тәрбие құралы ғой. Харамнан, зинадан сақтануға, қайырымдылыққа тәрбиелейді. Исламды өміріңе басты қағидаң, бағдарың  етіп алсаң жаман болмайсың. Сен молдасың, ендеше неге телефон ұстайсың дейтіндер бар. Ислам оқу-білімге, ғылымға еш шектеу қоймайды. Оқы, ғылым үйрен, адамзатқа пайдалы дүние ойлап тап, кім қой депті. Телефон ұстама деп айтатын азаматтар не дінді ұстанбайды, не ғылым игермеген, не оқу оқымаған. Мақсаттары – дінге тиісіп қалу. Тіпті, ғарышқа ұш, бірақ, парызыңды ұмытпа. Әрине, дін ұстану дегенді түк бітірмей намаз оқып отыру деп түсінетін жастарымыз бар. Мақсатымыз – осындай азаматтардың көкірек көзін ашу.

Мектеп бітіргелі жатқан жас түлектерге еліміздің білімді, тәрбиелі азаматтары болуларына тілектестік білдіремін. Келер жылы 2 шәкіртім Нұр-Мүбарак университетіне түспекші. Ауыл халқы дінімізді, салтымызды ұстанып өмір сүрсе деймін. Бірден бола қалмаса да, біртіндеп сол күнге жетеміз. Отырған жерімде, қонаққа барғанымда  дініміз, салтымыз жайлы әңгімелеуге тырысам. Мешіттің есігі бәріне ашық, бәріміздің ортақ үйіміз. Үйренем деушілерге намазды қалай сауатты оқуды үйретеміз. Былтырғы жылы тұрмысы төмен отбасының балаларына мектепке киетін киімдер әпердік. Биыл көктемде ауыл ақсақалы Қуанышбай Жұмабаевтың бастамасымен ауыл зиратын қоршап алдық. Ауылдан біршама алыс болса да, мал баспай тұрмай тұрмайды екен. Бұл зиратта біріміздің әкеміз, біріміздің ата-әжеміз, біріміздің досымыз жатыр, ендеше, солардың тыныштығын мал басып бұзбасын деп үндеу тастап едік, әркім шамасы келгенше қаржы қосып,  ол қаржыға темір қоршау жасаттық,  . Жұмыс істеп жатқан жастарға бірі тамақ істеп әкеліп, біреу қойын сойып әкеліп, бірі сусын тасып халық болып жұмыла кірісті. Халықтың бірлігінің куәсі болдық. Мұның өзі – имандылығымыздың артқанының белгісі. Қазір шүкір жұмаға келетін жастардың саны артты. Біртіндеп бірлігі ұйыған ауылға айналамыз деп сенемін. Тәрбиелі жастардың саны артып келе жатқаны қуантады.

Жоғарыда айтып кеткен мешіт сап берген Кәдір Жүнісов ағамыз марқұм болды, таяуда оның балалары келіп не мұқтаждықтарың бар деп сұрады, онсызда мешіттің бүкіл шығынын көтеріп отыр ғой, мешітке жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлді. Сосын ол кісілердің  жыл сайын ауылдың 2 адамын қажылыққа жібереміз деген уәделері бар еді. 2010 жылы сол кісілердің демеушілігімен  Боранбай деген кісі екеуміз қажыға барып келдік. Одан кейін ешкім бармады.

-Сонда ол кісілер берген уәдесін орындамай отыр ма?

Жоқ олай емес. Қажылыққа бару қыдыру емес, қарттарымыздың денсаулығы жарамайды, аналарымыздың жалғыз баруына болмайды, тағы біреуінің қарызы, тағы біреуінің кредиті бар дегендей, сондай себептермен қажыға адам жібере алмай жүрміз. Алла қаласа келер жылы 2 жас жігітті жібермекшіміз. Ауыл халқын қажылыққа жіберудегі мақсат та сол, діни білімді адамдардың санын көбейту, көп болып жұмылып жастарымызды жамандықтан тыйып, балаларымызды жаман әдеттерден аулақ қып тәрбиелей аламыз.

-Ендеше қажылыққа мен барсам бола ма, мен де осы ауылдың тумасымын ғой.

Жоқ (күлді). сен ауылдан көшіп кеткенсің. Осы ауылда тұрып жатқан адамдарды жібереміз. Болашақта осы ауылға көмектесетін мықты азамат болатындарыңа сенемін.

-Әңгімеңізге рақмет.

Сұқбаттасқан – Дәулет Серікбай.

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close