Жаңалықтар

Астанада «Үлгілі отбасы – қоғам тірегі» атты семинар өтті

Астана. 19 қыркүйек. KAZISLAM –  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы жариялаған «Ислам және отбасы» жылы аясында «Отбасы күніне» орай «Нұр Астана» орталық мешітінің ұйымдастыруымен отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Үлгілі отбасы – қоғам тірегі» атты семинар өтті.

ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы Асқар Мұқанов семинардың ашылу сәтінде сөз сөйлеп, іс-шараның маңызы жайлы баяндап берді.

«Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген аталы сөз бар. Үлкен құндылықтар қамтылған мақалды басшылыққа алған аталарымыз қоғамның тірегі әрбір отбасы екенін бағзыдан біздің санамызға сіңіріп келген. Шын мәнінде отбасында береке-тыныштық болмаса азаматтардың қоғамға есе қосуы мүмкін емес. Елбасы «От­басы – Қазақстан қоғамы­ның дің­гегі, экономикадағы, мәдениет­тегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деп бұл мәсе­ленің біздің қоғам үшін маңы­зын көрсетіп берді. Сондықтан «Ислам және отбасы» жылы аясында өткізіліп отырған семинарымыз халқымыздың отбасы құндылықтарын жаңғыртып, жас отбасыларға насихаттауға бағытталып отыр» дей келіп Асқар Мұқанов іс-шараға қолдау білдірген Астана қаласының әкімдігіне, семинар спикерлеріне алғыс білдірді.

Астана қаласының Қоғамдық даму басқармасының басшысы Данияр Есин семинарға арнайы қатысып, оның қоғамдық маңызы айырықша екенін атап өтті.

«Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп ұлттық жаңғырудың негізгі ұлттық руханият екенін атап көрсеткен еді. Аталмыш семинар қоғамның ұйытқысы болған отбасы құндылықтарын насихаттап, жанұя жарасымы, біртұтас қоғам құру ісі үшін де айрықша мәнге ие. Осындай ел руханияты үшін пайдалы іс-шараны ұйымдастырып отырған ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілдігіне алғысымызды білдіреміз» деді Д. Есин.

Семинар аясында ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы, ф.ғ.к., профессор, мәдениеттанушы, абайтанушы Омар Жәлел, «Астана қаласы әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ «Деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсету» бөлімінің басшысы,  психолог Қойшиева Лимана, ҚМДБ-ның Әйел-қыздар секторының жетекшісі Ақбөпе Қанатқызы қатарлы білікті мамандар неке, талақ мәселелерінің шариғаттағы үкімі, халқымыздың жас отбасыларға берген тәрбиесі, әйел затының отбасындағы орны мен маңызы жайлы баяндамалар оқыды. Сонымен бірге, семинар қатысушылары тарапынан қойылған отбасы мәселелеріне байланысты сұрақтарға тұшымды жауап берді.

Show More

Басқа жаңалықтар

Close